вернуться в обычный режим

Информационные мероприятия к 25 летию независимости

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жылдығына орай Шыңғырлау ауданының Лубен ауылына көптен күткен көгілдір отын келді

31.08.2016

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев қатысып, осынау қажеттіліктің тек үйдің ішін жылытып қана қоймай, ауыл бизнесіне жол ашатынын, ауылға инвестиция тартып, аймақтың бизнеске қабілеттілігін арттыра түсетінін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің  депутаты Шафхат Өтемісов осы ізгі лебізді жалғастырып, ауылдық жерлердің табиғи отынға қол жеткізіп, әлемді алаңдатқан дағдарыс тұсында да мемлекетіміздің халқына қамқорлығын іркіліссіз жасап келе жатқандығын жеткізді.  Ауыл тұрғыны, ардагер-ұстаз Ғұмар Қанатов қария мінберден игілікті іске қуанған халықтың үнін жеткізді.

Осы арада ауылға келтірілген көгілдір отын алауының салтанатты түрде жағылуы тұрғындарды қуантып, игі істің бастауын облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев пен ауыл тұрғыны Ғұмар Қанатов тұтатып берді.

Елді мекенге жоғары қысымды газ құбырын тартқан мердігер, «Батысгазстрой» ЖШС учаскесінің бастығы Серік Асқаров, ауылішілік газ құбырын өткізуді жүргізіп жатқан «Газстрой» ЖШС-ның директоры Жүсіп Қазиев бұл қуанышқа елмен бірге қуанатынын айтып, тұрғындарды құттықтады. Ізгі шараға шалғайдан арнайы келіп, халықтың әл-ауқатымен таныса жүрген Мәжіліс депутаттары Шафхат Өтемісов пен Кеңес Әбсәтіров,  облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев аудан әкімі Альберт Есалиевпен бірге газ кіргізіп, игілігін тұтына бастаған Ғұмар қарияның отбасында болып, табиғи отынға қолы жеткен ауыл халқының қуанышына ортақтасты.
Газ плитасын тұтатып жіберіп, шәйнегін қойып, шай демдеп жатқан ауыл тұрғыны Алтынзер Қанатова енді қолдың ұзарып, бұрынғыдай отын жиып, қала берді күл шығарып, әуре болмайтынына қуанып тұрғанын жеткізді.

Дәл қазір елді мекендегі 11 үйге газ кіргізілген. 82 отбасы толық және ішінара төлеп қойып, қосылуын күтуде.  Газ құбырын аулаға дейін әкелу бүгінгі таңда 195 мың теңге, жобаны жасақтау 10 мың, дабыл жабдығын қою 30 мың, газ пеші, есептегіші бар, жалпы газды үйге қосу 250-265 мың теңге шамасына шығып отыр, – дейді округ әкімдігінің бас маманы Қ. Қосмағамбетов.

Бүгінгі таңда осы аталған Лубен елді мекені, Қарағаш, Қайыңды және Сегізсай ауылдарына газ кіргізіліп жатыр. Шыңғырлау ауданының 25 елді мекенінің  15-і бүгінгі күні табиғи көгілдір отынмен қамтылған және төрт елді мекені бойынша газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Алдымыздағы жылы бюджеттен Қарағаш ауылдық округінің Ақсуат ауылының әлеуметтік нысандарын газдандыру үшін қаражат бөлінген жағдайда, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, жоғарыда аталған 15 елді мекенге тағы да бір елді мекен қосылады.